Ақсу ферроқорытпа зауытында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс орындары құрылды

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Ақсу ферроқорытпа зауытында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс орындары құрылды

Бұл — мүмкіндігі шектеулі жандардың бейнемониторинг көмегімен өндірістік алаңдарда еңбекті қорғау талаптарының бұзылуын тіркейтін «Халықтық бақылау» жүйесін енгізген "Қазхром"ТҰК" АҚ екінші филиалы. Алдымен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты сынама алаңына айналған болатын. Енді міне қосымша операторлар Ақсу ферроқорытпа зауытында да пайда болды. Олар негізінен өндірістік жарақат алған, кәсіби ауруға шалдыққан немесе жалпы медициналық себептер бойынша мүгедек болып қалған кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері. Әзірге бес адам. Штатты 15 қызметкерге дейін кеңейту жоспарлануда, кандидаттарды іріктеу жалғасуда. Олардың әрқайсысы нақты уақыт режимінде өндірістік алаңдарды бақылап, қауіпсіздік ережелерін бұзу деректерін тіркейді.

— Ұсынысты бірден қабылдадым, — дейді оператор Анатолий Недозоров. — Кәсіпорын барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етті, ауысым кестесі де ыңғайлы. Мен зауытта 30 жылға жуық еңбек еттім, маған мұнда бәрі таныс. Егер менің жаңа жұмысым біреудің өмірін сақтап қалатын болса, мен бұған тек қуанамын.

Бақылаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық тиісті аударымдармен және әлеуметтік пакетпен кәсіпорын штатына ресімделген. Олар ноутбук, телефон, роутер, ғаламтормен және телефон байланысымен толықтай қамтамасыз етіліп, жұмысқа қолайлы жағдай жасалды. Ауысым кестесі 4 сағаттан.

— Қызметкерлердің кез келген қауіпті әрекеті оқиғаның ықтимал себебі ретінде қарастырылады. Кәсіпорында бұл жағдай қатаң қадағалауда, — деп атап өтті Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев. — Бейнебақылау операторларының міндеті әріптестерінің жұмысын қадағалау және ере бұзу анықталған жағдайда ақпаратты тиісті қызметтерге жеткізу. Ал олар өз кезегінде алдын алу шараларын қабылдайтын болады. Бұл жоба біздің компания үшін өндірістің қауіпсіз мәдениетін қалыптастыруға тағы бір қадам болады деп есептейміз.