Береке Мұхаметқалиевтің тау-кен металлургия саласында 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар, оның басым бөлігі ERG кәсіпорындарымен тығыз байланысты. Ол Топтағы еңбек жолын 2000 жылы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының «ТУР» кенішінде геолог болып бастаған. Кейін Топ кәсіпорындарында бірқатар басшылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, «ТУР» кенішінің бас инженері әрі бастығы, «Жәйрем ТКБК» АҚ бас инженері және президенті болды.
2014 жылдың желтоқсанынан 2020 жылға дейін Береке Сағатұлы «ССКӨБ» АҚ басқарды. Осы кезеңде кәсіпорында цифрлық технологиялар өндіріске енгізіліп, «Идеялар фабрикасы» жобасы сәтті іске қосылды. Сондай-ақ қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асырылды. «Ақылды карьер» жобасы аясында өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер енгізілді.
Береке Мұхаметқалиев Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Геологиялық түсірілім, іздеу және барлау» мамандығы, сондай-ақ Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Кәсіби жетістіктері үшін Береке Сағатұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, III дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.