Жедел жәрдем ауруханасына арналған жаңа медициналық жабдықтар
«Қазхром» компаниясы Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөліміне медициналық керек-жарақтар сатып алуға 2,9 млн. теңге қаражат бөлді.
Медициналық құрал-жабдықтар Ақтөбе қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының хирургтарына сатып алынды. АҚШ-та өндірілген заманауи ECHELON Flex эндоскопиялық артикуляциялық аппараты мен қосалқы кассеталары бар хирургиялық тігу аппараты күрделі жарақаттар кезінде қолдануға арналған. Бұл адам ағзасына арналған степлердің бір түрі. Дәрігерлердің айтуынша, күрделі шұғыл жағдайларда, әсіресе ішкі ағзалардың жарақаттары кезінде бұл жабдық ауадай қажет.
– Осы құрал-жабдықты сатып алу туралы медициналық жедел жәрдем ауруханасы дәрігерлерінің өтінішін бейжай қалдыра алмадық, - деді «Қазхром» президенті Арман Есенжолов МЖЖА басшылығымен кездесуде. – Бұл медициналық мекеменің білікті мамандары бірнеше рет біздің қызметкерлерге алғашқы және осы іспетті қажетті көмектер көрсетті. Сол үшін де біз алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл заманауи құрылғылар ақ халатты абзал жандардың игілікті жұмыстарын жеңілдетеді деп сенемін.
Құрылғылардың ерекшелігі: қолдануға ыңғайлы әрі қол әдісімен салыстырғанда, адам ағзасымен жұмыс істеу кезінде зақымдануды барынша азайтады. Сондай-ақ, жиында «Қазхром» өкілдері мұндай жабдықтарды пайдалану қажеттілігі барынша сирек туындауын, хирургия бөліміндегі ауысым тыныш және шұғыл жағдайларсыз болуын тіледі.