Казхром жайқалтқан көшеттер

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Казхром жайқалтқан көшеттер

«Жасыл Қазхром» акциясы әралуан қалалардың тұрғындарын біріктіріп келеді. «Қазхромның» Ақтөбе, Хромтау, Ақсу қалаларындағы қызметкерлер жыл сайын қала саябақтары мен кәсіпорын маңайын абаттандыру жұмыстарын жалғастыруда. Осы жылы қалаларда ағаш отырғызу шаралары күз мезгіліне ауыстырылған болатын. Алайда, барлық филиалдарда бұл шара нәтижелі түрде орындалды.      

Ақсу ферроқорытпа зауытының санитарлық-қорғау аймақтарында 500 түп ағаш отырғызылды. Бұл – алты жылға жоспарланған жаңа абаттандыру жобасы аясындағы алғашқы ағаштар. Осы уақыт аралығында зауыт маңында үш көшет жайқалмақ.

Отырғызылған талдардың жылдам жерсініп кетуі үшін кәсіпорын жергілікті топырақтың ерекшеліктерін ескеріп, оны күтіп-баптауға қаражат бөлді. Арнайы егілген жерге бес жүз терек пен күміс жиде отырғызылды. Бұл ағаштар жәй ағаш емес, шаңға және аязға төзімді. Сонымен қатар топырақтың құрамын талғамайды. Жер болса болды, өсіп, өне береді. 

«Қазхром» басқару аппаратының Жастар Кеңесі де осы аптада «жасыл желек» отырғызуға жұмылып, офис аумағына көшет екті.

Болашақта 40-қа жуық жас сүмбіл терек шағын саябаққа айналмақ. Олар қытымыр қыстан кейін қатып қалған ағаштардың орнына отырғызылды.

Биыл Жастар кеңесі алғаш рет «Жасыл Қазхром» эко-акциясына қосылып, белсенділік көрсетті әрі олар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Негізгі іс-шаралар күзде өтеді деп жоспарлануда, төтенше жағдайға байланысты барлық шектеулер алынып тасталғаннан кейін қала аумақтарында көшеттер қоғамдық өкілдермен бірге отырғызылатын болады.

Дөң тау-кен байыту комбинатының цехтары да экологиялық акцияны жалғасып, кәсіпорынның санитарлық қорғау аймақтары мен өндірістік алаңдардын қамтыды. Жыл сайын комбинаттықтар  ағаш отырғызады, аумақтарды тазартып, абаттандыру жұмыстарын үзбей жүргізеді. Сүмбіл теректер отырғызып қана қоймай, сонымен қоса, жиде, қайың, хош иісті мамыргүлдер егіп, жан-жақты жайнатып отыр. Жаймашуақ күнде ағаштар гүлдеп, цехтар маңы алқызыл түске бояла кетеді.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының экологтары да әр цехта көшет отырғызуды жөн көрді. Металлургтер нөмірі бірінші, екінші және үшінші балқыту цехтарында 145 сүмбіл терек отырғызды. Кәсіпорынға барлығы 350 көшет алынған еді.  Зауыт жұмысшылары қалған ағаштарды бірнеше күннің ішінде әр цех өз аумағына отырғызады.