Ақтөбеде майдангер-металлургке арнайы Жеңіс шеруі ұйымдастырылды

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Ақтөбеде майдангер-металлургке арнайы Жеңіс шеруі ұйымдастырылды

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ардагері Николай Пащенко жеке өз құрметіне арналған шеруді пәтерінің терезесінен тамашалады. Ардагердің жаңа баспанасына қаржыны ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ бөлген. Ұзақ күткен қоныс той карантин кесірінен кейінге шегерілген болатын. Дегенмен, қарт жауынгер Жеңістің 75 жылдығын су жаңа пәтерде қарсы алды. Николай Пащенконы құттықтауға «Қазхром» жетекшілері мен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин арнайы келген.

Николай Пащенко саналы ғұмырының 17 жылын Ақтөбе ферроқорытпа зауытының екінші балқыту пешіне сарп еткен. 94 жастағы қазыналы қарт – 19 мың қызметкері бар «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның көзі тірі жалғыз ардагері. Компания Николай Антоновичті айрықша құрмет тұтады. Өткен жылы ERG акционерлері қарияға төменгі қабаттан екі бөлмелі пәтер сатып алуға 7 миллион теңгелік ақшалай сертификат табыс еткен болатын. Бұған дейін ол бесінші қабатта тұратын ұлының қолында тұрған. Белден әл кеткенде бесінші қабаттан кіріп-шығу да мұң. Сол себепті де ақсақал сыртқа шығудан мүлдем қалыпты. Алайда, енді Жеңістің 75 жылдығын ардагердің отбасы жаңа пәтерде мерекелік дастарханмен қарсы алғалы отыр.   

Ардагерді құттықтауға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мен «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов келді. Өңірде тұратын барлық соғыс ардагерлері қатарында Николай Антоновичке де Жеңіс күніне орай бір реттік миллион теңге көлемінде ақша аударылды. Одан бөлек, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтауын табыстады. Ардагерге металургтер атынан үлкен теледидар мен 500 мың теңге ақшалай сыйлық та табысталған.   

– Жеңістің 75 жылдығы – барлығымыз  үшін маңызды мереке. Қазіргі шектеулерге бола, біз Николай Антоновичті құттықтамай тұра алмадық. Әрине, барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, қарт жауынгердің көңілін бір марқайтып қайтқымыз келді, - деді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов. – Бұл кісі біздің үлкен ұжымымыздағы жалғыз ардагеріміз және біздің оған құрметіміз шексіз. Дәл осы күні ұжым атынан ардагерге арнайы Жеңіс шеруін ұйымдастыруды жөн көрдік.   

Николай Пащенкоға арнап әскери оркестр «Жеңіс күні» әнін шырқады және 6665 әскери бөлімінің сарбаздары аулада шерулетіп, сап түзеп соғыс ардагеріне әскери жоралғымен сәлем берді.   

 «Қазхром» үнемі аға буынға қамқор болып жүретінін айта кеткен жөн. Карантин кезінде кәсіподақ комитеті мен Жастар кеңесі #БізБіргеміз акциясы аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жалғызбасты зейнеткерлері мен тыл еңбеккерлеріне шамамен жүз қорап азық-түлік өнімдерін жеткізіп берген болатын. Одан бөлек, компанияның ардагерлеріне медициналық көмек көрсетіледі. Оның ішінде емдеу, еліміздің медициналық-сауықтыру орталықтарында емделу, сауықтыру және өмір сүру жағдайларын жақсартуға жәрдем беріледі.     

«Қазхромның» қолдауымен зауыттың Ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Оған зауыттың зейнет жасына толған барлық бұрынғы жұмысшылары тегіс қатыса алады.