Ақсулық металлургтердің қоныс тойы

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Ақсулық металлургтердің қоныс тойы

Ақсу ферроқорытпа зауытының тағы 45 қызметкері баспаналы болды. Пәтер кілтін ұстағандар қатарында кәсіпорында тапшы мамандық иелері, өндірістің жас қызметкерлері және жоғары білікті мамандар бар. Солардың қатарында қызмет көрсету цехының слесарь-жөндеушісі Асқар Таңсықбаевтардың әулетінде қос қуаныш. Енді жұбайы екеуінің өз үйі – өлең төсектері болады.

– Барлық жерде бастапқы жарна сұрайды. Біз секілді жас отбасыға ондай қомақты соманы жинау қиын екенін түсінесіздер. Ал мына бағдарламаның шарттары қолжетімді. Жарнаны қажет етпейді, пайызы да төмен. Бір сөзбен айтқанда, шамамыз келеді.

Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері «Отбасы банк» арнайы ERG үшін әзірлеген бірегей несиелендіру бағдарламасы бойынша пәтерді 20 жылға дейін ұлттық валютада төмен пайыздық мөлшерлемемен, кейін сатып алу мүмкіндігімен, бастапқы төлемсіз алды.

Жаңа бес қабатты ғимарат орналасқан жердің инфрақұрылымы дамыған. Екі және үш бөлмелі пәтерлер өте жақсы әрленген.

– Өз ошағың мен басыңда баспанаң барда, ертеңгі күнге сеніммен қарай аласың. Ал бұл біздің негізгі міндетіміз, - деді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Валентин Чихичин. – Жағдайың жақсы болса, жұмысың да жүреді. ERG-дің ауқымды тұрғын үй бағдарламасы біздің корпоративтік құндылықтардың бірі – жауапкершілікті, соның ішінде қызметкерлер алдындағы жауапкершілікті берік ұстанатынымыздың айғағы. Жаңа үйде біздің зауыт жұмысшыларының өмірі жайлы және жылылыққа толы болатынына сенімдімін.

Жаңа бес қабатты ғимарат – тұрғын үй бағдарламасы басталғалы бері Ақсу ферроқорытпа зауыты қызметкерлеріне салынған алтыншы үй. Осы уақыт ішінде зауыттың 300 -ден астам қызметкерлері үйлі болған.