Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Хромтау қысқа дайын

Жылыту маусымы алдында Дөң тау-кен байыту комбинатының инвестициялық бағдарламасы аясында Хромтаудағы жылу желілері мен қазандықтарда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жаңарту және жөндеу жабдықтардың сенімділігін арттыруға және қала тұрғындарын қыста тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

2015-2019 жыл аралығында Дөң тау-кен байыту комбинаты өзінің инвестициялық міндеттемелерін орындау үшін шамамен 1,25 млрд. теңге қаражат бөлді. Осы кезеңде орындалған жұмыстардың қатарында ұзындығы 5,8 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ орталық қазандықтың жабдықтарын ауыстыру бар.

– Біз жарияланған инвестициялық міндеттемелерді орындау қамында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз, - деді энергия цехы басшысының орынбасары Мұрат Берістенов. – Дөң тау-кен байыту комбинаты мен «Қазхром» компаниясының басшылығы бұл бағытқа ерекше назар аударады. Жүргізілген жөндеу жұмыстары, ең алдымен, қазандықтардың жүктемесі максималды мәндерге жеткен күзгі-қысқы кезеңде тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етудің сенімділігін арттыруға, бөлімше активтерін жаңартуға, жабдықтың өнімділігін тиісті деңгейге жеткізуге және бірқатар көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Орталық» қазандығы жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 1 қазаннан бастап жеке үйлерге, мектептер мен балабақшаларға жылу берілді. 15 қазаннан бастап қаладағы көп қабатты үйлерді қосу жоспарлануда. Жұмыс кесте бойынша жоспарлы түрде жүруде. Қазандыққа қысқа дайындық паспорты берілді.

Орталық қазандық 1960 жылдан бері жұмыс істейді. Орнатылған жылу қуаты - 192 Гкал / сағ. Дөң тау-кен байыту комбинаты Хромтау тұрғындарын жылумен, ауыз сумен және су тартумен қамтамасыз етеді.

Табиғи монополия субъектісі ретінде «Қазхром» ТҰК» АҚ реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді айқындау кезінде ең алдымен, әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алатындығын және 2018 жылдан бастап өз тарифтерін тіпті осы бағыттағы шығындарды ескере отырып көтермегендігін айта кету керек.