ERG Павлодар облысын дамытуға 3 млрд теңге бөледі
Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов және Eurasian Resources Group-тың Қазақстандағы басшысы Кудрәт Шамиев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға негіз болмақ.
Инвестиция инфрақұрылымды, білім беруді, спортты, экология мен әлеуметтік саланы дамытуға мүмкіндік беріп, маңызды жобалар Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Яғни, қалалардың аумағы кешенді абаттандырылып, әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осылайша өңір тұрғындарына ұсынылатын мүмкіндіктер де кеңейе түседі.
– ERG өңірдегі инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік бастамаларды іске асыру бағытындағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Бұл жекелеген жобалар емес, жүйелі жұмыс. Сондықтан оның нәтижесі өңір халқының өмір сапасына тікелей әсер етеді, – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
– Біз компания кәсіпорындары бар өңірлерді дамытуды ERG-дің ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырамыз. Өндірістік инвестициялармен қатар, компания білім беру, инфрақұрылым, экология және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағыттарына жүйелі түрде қаржы салып келеді. Біз үшін бұл өзгерістердің тұрақты болуы әрі өңір тұрғындарына нақты пайдасын тигізуі маңызды, – деді ERG-дің Қазақстандағы периметрінің басшысы Кудрәт Шамиев.
Айта кетейік, ERG-дің Топ кәсіпорындары орналасқан өңірлерге бағыттаған әлеуметтік инвестициялардың жалпы көлемі 321 млрд теңгеден асты.