Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Екінші кезең аяқталды

Дөң тау-кен байыту комбинаты Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтада екінші кезек құрылысының стратегиялық кезеңі аяқталды. Кәсіпорынның Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның 900 метрге жуық тереңдігінде қос тау-кен қазбасының түйісімі жасалды. Бұл – тау-кен ұңғыма және жаңа кен орындарында кен өндіру жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді.

Бұл Дөң тау-кен байыту комбинатындағы төрт жылдан астам уақыт бойғы жүйелі жұмыстың жемісі. Түйісім құрылысын аяқтау – кәсіпорын үшін маңызды кезең. «Оңтүстік-Шығыс» және «Шығыс» қуақаздарының түйісуі шахтада кен тасымалдау үшін ғана емес, сонымен қоса, терең горизонттарды таза ауамен қамтамасыз етер «тізбек» тәрізді айналым қалыптастырды. Енді осы «Шеңбердің» ұзындығы – 2670 метр. Тек осы жұмыс кезеңіне ғана құйылған инвестиция көлемі 18 миллиард теңгеден асты.

– Шахтаның екінші кезектегі құрылысы – «Қазхромның» стратегиялық жобасы, - деді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Азамат Бектібаев. – Ферроқорытпа зауыттарының орта және ұзақ мерзімді үзіліссіз жұмыс істеуі екінші кезек нысандарының уақытылы іске қосылуына байланысты. Сондықтан біз өндіріс тиімділігін арттыратын ұйымдастырушылық шаралар мен жобаларға көбірек мән береміз.

Құрылыс жұмыстарын мердігер ұйым атқарған. Көмекші жұмыстарға Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтақұрылыс цехы, шахта учаскелерінің қызметкерлері және жөндеу персоналы жұмылдырылды. Маңызды істің келесі кезеңі - шахта аумағында салынған негізгі желдету қондырғысын іске қосу. Бұл процесс түйісімдерді байланыстырған сақина арқылы жүзеге асырылады.

– Түйісім мерзімінен бір ай ерте орындалды. Жұмысты екі кенжармен жүргіздік, - деп қуана хабарлады шахтаның екінші кезегінің құрылыс жетекшісі, ERG Capital Projects қызметкері Роман Горелкин. – Ұңғымашылар бір-бірімен бетпе-бет кездескен болатын. Тау-кен және геологиялық жағдайларға қарамастан, барлық тәуекелдер бақылауда әрі тиянақты басқарылған.

Шахтаның екінші кезегінің минус 480 горизонтындағы негізгі кен өндірісі 2024 жылы басталады деп жоспарланған. Сонымен бірге ERG Capital Projects пен Дөң тау-кен байыту комбинаты инженерлері шахтақұрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде ең тиімді технологиялық шешімдерді қолдану арқылы осы аумақты жеделдету амалдарын қарастырып жатыр.

Анықтама
Минус 480 метрде горизонтты қазу (бұл Балтық теңізінің деңгейінен 480 метр төмен, жер бетінен 900 метрге жуық) 2006 жылдан бері жалғасып келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтаның екінші кезегі тереңде жатқан хром кені қорларын өндіруге мүмкіндік береді. Екінші кезектің іске қосылуымен Дөң тау-кен байыту комбинатында кен өндіру көлемі айтарлықтай артады.

*қуақаз – жер бетіне шығуы жоқ көлденең қазылған жерасты кенорны