Дөң ТКБК-да соңғы үлгідегі жерасты тиегіші іске қосылды

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Дөң ТКБК-да соңғы үлгідегі жерасты тиегіші іске қосылды

Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында жаңа тау-кен көліктері қатарын кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы орайда Epiroc ST14 S жаңа дизельді тиегіші пайдалануға берілді. Бұл – ERG-дегі осы кластағы алғашқы техника әрі кенішті Sublevel Caving (SLC) технологиясы арқылы механикаландырылған өндіру әдісіне көшірудің кезекті кезеңі.

Жаңа машина қазірдің өзінде SLC жүйесімен кен өндіріліп жатқан -402 метрлік горизонтта жұмыс істеп тұр. Тиегіштің жүккөтергіштігі 14 тоннаны құрайды және ол компанияның жерасты техникасы паркіндегі ең сыйымды шөмішпен жабдықталған. Осының арқасында учаскенің өнімділігі артып, кенді тасылмалдау көлемі ұлғаяды. Бұған дейін бұл аумақта 10 тонналық машиналар қолданылып келген.

– Жаңа буын техникасына көшу шахтаның дамуына берік өндірістік база қалыптастырып қана қоймай, кен өндіру тәсілін өзгертеді. Ең бастысы, өндірістік процестерді қызметкерлер үшін әлдеқайда қауіпсіз әрі қолайлы етеді. Осының барлығы жинақтала келе өнімділікті арттырып, SLC технологиясын кеңінен қолдануға және жерасты өндірісінің тиімділігін жүйелі түрде жоғарылатуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Утемисов.

Тиегіш жақсартылған шолу мүмкіндігі бар заманауи кабинамен, 360 градустық бейнебақылау жүйесімен, кондиционермен және автоматты газ талдағышпен жабдықталған. Жаңа басқару жүйесі операторға техниканы толық бақылауда ұстауға жағдай жасап, жұмыс жайлылығын арттырады. Бұған қоса, барлық кабиналар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай сертификатталған.