Қазхромда дәстүрлі «Тілектер шыршасы» өтті
- Әрдайым «Тілектер шыршасына» қатысу осындай дәстүрлердің шын мәнінде не үшін қажет екенін ұғындырады. Бұл мереке жай сыйлық сыйлау үшін ғана емес, балаларға көңіл күй, қамқорлық және мейірімділік сыйлау үшін өткізіледі. Әр хатта балалардың армандары тұр, және біздің ұжымда осы балалар үшін нағыз сиқыршы болуға дайын адамдар өте көп, - деп атап өтті Қазхромның бас директоры Сергей Прокопьев.
Ақсу ферроқорытпа зауытында биыл 32 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Аяз Атаға өз хаттарын жазды. Олардың тілектері шынайы және әр түрлі сипатта болды: олар шана, сүйікті ойыншықтар, сөмке, жаңа киім сұрап хат жазды. Зауыттықтар үшін әрбір хат игі іс жасауға себеп болды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының басшылары 25 баланың тілегін орындады. Металлургтерге хат жазғандардың қатарында «Болашақ мұра» орталығының тәрбиеленушілері, мүгедек балалар, Қурайлы ауылының балалары, зағип және саңырау мылқау қоғамының өкілдері, сондай-ақ «Кривое озеро», ВОХР және Махамбет бау-бақша ұжымдарының балалары бар.
Дөң ТКБК қызметкерлері де ізгі бастамаға қосылды. Кәсіпорын басшылары әр хатқа сәйкес сыйлықтарды мұқият таңдап, 20 баланың тілегін орындады. Олардың арасында қуыршақтың қызғылт үйі, қуыршақ арбасы, планшеттер мен телефондар, ойын мониторы, коньки және ноутбуктер бар. Ең ерекше сыйлық Дөң ауылының жас тұрғыны сұраған аяқ жаттықтыратын құрылғы болды. Сонымен қатар, акцияның әрбір қатысушысы сыйлықтарға шын жүректен тағы бір шағын сый – мысалы тәттілер, сурет салуға арналған планшет немесе жұмсақ ойыншық қосты.
Қазхром басқармасы аппаратының қызметкерлері де дәстүрді қолдап, «Аяла» балалар үйінің тәрбиеленушілерін тағы да қуантты. Акция аясында олар 38 баланың тілегін орындап, оларға спорттық доптардан бастап велосипедтерге дейінгі сый тартты.