«Қазхром» оқушыларға пакетті экосөмкеге айырбастауға ұсынды

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

«Қазхром» оқушыларға пакетті экосөмкеге айырбастауға ұсынды

«Пакет-кет» экологиялық акциясы аясында ақтөбелік оқушылар 25 мың пакетті қайта өңдеуге тапсырды. Пакеттердің орнына ұйымдастырушылар мен қаланың экобелсенділері балаларға матадан тігілген сәнді экосөмкелер табыстады. Аталған шара Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында өтті.

Мұндай ерекше жобаға Ақтөбе қаласының іргесіндегі мектептердің оқушылары қатысты. Акцияға қатысу үшін балаларға 50 полиэтилен пакетін әкелу ұсынылған. Орнына сәнді экошоппер берілетін болды. Бұл сөмке дүкенге баруға немесе мектеп құрал-жабдықтарын тасуға арналған пакеттің орнына экологиялық баламаға айналуы тиіс.

– « Пакет-кет» қалалық акциясына қатыстыруға балаларды кездейсоқ таңдамадық, - деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры, қалалық мәслихат депутаты Жалғас Мұсабеков. – Балада экологиялық ойлау қабілетін дамыту әлде-қайда оңай. Балалар бұдан шабыт алып, алған білімдері мен идеяларын одан ары дамытып, өз отбасыларының барлық мүшесіне экологиялық дағдыларды үйретеді деп сенеміз. «Қазхром» компаниясы қоршаған ортаны қорғау мақсатында құрал-жабдықтарды жаңарту, жаңа технологияны қолдану үшін көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бағытталған жобаларды да ұйымдастырып, қаржыландырып жүрміз.

Қаланың шетіндегі мектептерді таңдау да тегін емес. Өйткені осы маңда заңсыз төгілген қоқыс үйінділері жиі кездеседі. Мәселен, былтыр өңірде адамдар қоқысты заңсыз төккен 700-ден аса орын анықталды.

– Экологиялық жағдайдың күрделі екенін көктемде сенбілікке шыққанда байқаймыз, - дейді Сазды орта мектебінің директоры Светлана Оңғарбаева. – Ауылдың қасында пакеттерге толы құм карьері орналасқан. Жел күшейгенде пакеттер ұшып, сенбіліктің нәтижесін жоқ қылады. Сөмкелер, расында үйде көптеп жиналып қалатын пакеттердің орнына жақсы балама. Оның үстіне бұл шоппер өте ыңғайлы әрі сәнді екен, қыздардың көңілінен шығады деп ойлаймын. Оған азық-түлік те, оқулық та салуға болады екен.

Айта кету керек, «Пакет-кет» акциясы бір ғана сөмкені тарату болмаса айрырбастаумен ғана шектелмейді. Оның алдында балаларға арналған онлайн-тренинг курсы өткен болатын.

– Бұл акция БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатына сәйкес келеді, онлайн сауат ашу сабағында сапалы білім, тұрақты қалалар мен елді мекендер, жауапты тұтыну мен өндіріс, осы және басқа да мәселелерді балалармен бірге талқыладық. Өйткені бір реттік пакетті ұзаққа жарамды сөмкеге айырбастау жөнінде оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, акцияның мәнін түсіндіру маңызды болды, - дейді экокеңесші Айман Сексенова. – Жобаны жүзеге асыру үшін балаларды таңдағанына ризамын. Себебі оларда белгілі бір парадигмалар әлі қалыптасып үлгермеген, яғни экологиялық өмір сүру дағдысына бейімдеуге болады деген сөз.

Сөмкелер толығымен экологиялық таза өнімнен Ақтөбеде жасалғанын да айта кеткен жөн,. Арнайы «Пакет-кет» акциясы үшін қаладағы «әлеуметтік» тігін шеберханасының бірінде жұмыс істейтін көпбалалы және жалғызбасты аналар 500 сөмке тігіп берді. «Қазхромнан» түскен көлемді тапсырыс тігіншілерге жақсы демеу болды.

Бұдан бөлек, акцияның жалғасы ретінде «Қазхром» кәсіпорындарының қызметкерлері арасында пакеттер жинау шарасы өтті. «Пакет-кет» компанияның филиалдары орналасқан Ақтөбе, Хромтау, Ақсу және Қарағанды қалаларында болды. Жалпы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында «Қазхром» қайта өңдеуге арнайы мамандандырылған компанияға шамамен 40 мың пластикалық пакет жібереді.