Хромтауда заманауи мәдени-демалыс орталығы ашылды

Жаңа мәдени-демалыс орталығы өркендеп келе жатқан Хромтау ауданында орналасқан. Нысан заманауи сахна, цифрлық фильм көрсету жүйесі бар үлкен залының арқасында тұрғындардың сүйікті орталығына айналады. Кешен Eurasian Resources Group (ERG) пен Ақтөбе облысы әкімдігінің арасындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру туралы меморандум аясында салынған. Оның құрылысына «Қазхром» ТҰК» АҚ 1,6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді. Ал жобаның жалпы құны – 1,8 млрд теңге. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен «Еуразиялық топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов жаңа мәдениет орталығының инфрақұрылымын көріп қайтты.
– Мемлекет басшысы ұлттың қуаты тек экономикалық әл-ауқатта ғана емес, рухани байлығында да екенін әрдайым атап өтеді, — деді облыс басшысы Асхат Шахаров. — Мәдениет – бұл халықтың жаны, оның естелігі мен болашағы. Осы орталықты ашу арқылы біз әрбір адам өзінің бай мәдени мұрасына қол жеткізіп, оны дамытуға өз үлесін қоса алатын орта жасаймыз. Бұл мәдени-демалыс орталығы қала тұрғындарының сүйікті орнына, өнерді, шығармашылықты бағалайтын және рухани дамуға ұмтылатын барша халық үшін тартымды орталыққа айналатынына сенімдімін.
Бірнеше жыл бұрын ERG басшылығымен кездесулердің бірінде Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері Хромтауға заманауи кинотеатр қажет екенін жеткізген болатын. Бұған дейін хромтаулықтар фильм көру үшін облыс орталығы – Ақтөбеге қатынайтын. Топ басшылығы өңірдің күннен-күнге дамып келе жатқанын ескеріп, шешімді қабылдады.
– Біз әрдайым еуразиялықтардың тек еңбек жағдайының ғана емес, өмір сүру жағдайының да қолайлы болуына көңіл бөлеміз, — деді Серік Шахажанов. – Сондықтан біз бұл мәселені талдадық. Бір ғана кинотеатр салу мүлдем дұрыс емес деген қорытындыға келдік. Шахтерлер мен кеншілер қаласы өсіп келеді. Ойлана келе, бұл жақта кинотеатрдың ғана емес, тұтас бір мәдени-демалыс орталығының құрылысын қаржыландыру туралы шешім қабылдадық. Қызметкерлеріміз бен Хромтау тұрғындарының сауалнамасы негізінде жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалардың барлығы туған қалаларымыздағы адамдардың келешегін жақсартады деп сенеміз.