Дөң ТКБК кеніштерінде позициялаудың заманауи жүйесі енгізілуде
Жаңа цифрлық шешім жерасты жұмыстары кезінде жұмыскерлер мен техниканың нақты орналасқан жерін нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тау-кен жұмыстарындағы қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады. Жүйе персонал мен көліктің дәл позициясын бақылау, қозғалысты бағдаршаммен реттеу, сымсыз байланыс, соқтығыстардың алдын алу, ауа атмосферасын бақылау, қауіпті аймақтарды қадағалау және бейнебақылау сияқты функцияларды біріктіреді.
— СППТ жобасы — ERG-дің Digital стратегиясындағы негізгі бастамалардың бірі, — деп атап өтті ERG құрамындағы Business & Technology Services (ақпараттық технологиялар бөлімі) жобасының жетекшісі Тимур Мадин. — Қазақстанның тау-кен-өнеркәсіп кешені үшін бұл ең ауқымды жобалардың бірі болып саналады. Ол жер үстіндегі де, жерасты инфрақұрылымын да дайындауды, сонымен қатар, жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи жабдықтарының сатып алынуын да қамтиды. Мысал ретінде, кеніштің түрлі көкжиектерінде орнатылған талшықты-оптикалық байланыс желісінің ұзындығы шамамен 80 шақырымды құрайды. Кешенді шешімнің арқасында диспетчерлер нақты уақыт режимінде шахтада қанша адам барын, қай көкжиекте екенін және әр жұмыскер туралы жеке мәліметтерді көре алады — аты-жөні, лауазымы, шамға орнатылған газ талдағыштың көрсеткіштері, батарея қуатының деңгейі және тағы басқа маңызды ақпарат қолжетімді.
СППТ-нің негізінде — әр шахтерге түсу кезінде берілетін, кіріктірілген датчиктері бар кенші шамдары. Дәл осы шамдар арқылы диспетчерлер персоналдың қозғалысын онлайн режимде бақылайды. Әр шамда төтенше жағдай туындаған кезінде басылатын SOS батырмасы бар. Сонымен қатар, жүйе кеншілердің шамдарына мәтіндік хабарламалар жіберу мүмкіндігін ұсына отырып, сенімді байланыспен қамтамасыз етеді. Шахтада Wi-Fi арқылы радиобайланыс та қарастырылған.
Персонал мен техниканың нақты орналасуын бақылаудан бөлек, СППТ қосымша мүмкіндіктерге де ие: үйінді астынан адам іздеу, шахтадағы жұмыскерлермен мәтіндік байланыс, техника мен адамдардың қауіпті жақындасуы туралы ескерту, жер асты қозғалысын бағдаршаммен басқару, бейнебақылау жүйесі.
СППТ-нің тағы бір маңызды функциясы — шахтаның әртүрлі көкжиектеріндегі ауа-газ жағдайын бақылау. Шамдардағы кіріктірілген датчиктер газдың жиналуын анықтап, қауіпті аймақтан уақытылы кетуге көмектеседі. Сонымен қатар, шахтаның өзінде де газ деңгейінің көтерілуін тіркейтін және диспетчерлерге ескерту жасайтын стационарлық газ талдағыштар орнатылған.
— Бұл жобаға инвестиция салу — «Қазхромның» әлемдік қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкес келетін «ақылды шахталар» құру жолындағы маңызды қадамы. Бұл жай ғана техникалық жаңарту емес, Қазақстанның тау-кен саласының жаһандық трансформациясындағы стратегиялық қадам, — деді Дөң ТКБК-ның директоры Бауыржан Өтемісов. — Қазір біз қабылдау-сынақ кезеңінің шешуші сатысында тұрмыз. Өндірістік процестерді автоматтандыру, цифрлық бақылау жүйелерін енгізу және жасанды интеллект элементтерін пайдалану бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Осы ауқымдағы кез келген инновациялық жоба сияқты, біз оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін белгілі бір техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді нақтылауды жалғастырамыз.
Келешекте позициялау жүйесі кәсіпорынның басқа цифрлық инфрақұрылым элементтерімен біріктіріледі. Бұл өндірістік процестердің барлығын жедел әрі тиімді басқаруға арналған бірыңғай ақпараттық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.