Ақсу ферроқорытпа зауыты электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруда
Ақсу ферроқорытпа зауытында электрмен жабдықтау жүйесін жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталды. №4 басты төмендеткіш қосалқы станциясында қуаты 250 МВА болатын күштік автотрансформатор орнатылып, тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Жобаны іске асыру нәтижесінде қуат резерві құрылып, өндірістік нысандарды электрмен жабдықтау сенімділігі артты және қосалқы станцияның негізгі жабдықтарын жаңарту жұмыстары басталды.
Жаңа агрегат өзінің алдындағы трансформатордан 25%-ға қуатты. Оны пайдалануға беру арқасында 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеген негізгі автотрансформатор күрделі жөндеуге шығарылды. Жөндеу аяқталғаннан кейін дәл осындай жаңғырту екінші трансформаторда да жүргізіліп, қосалқы станцияны жаңғыртудың негізгі кезеңі аяқталады.
– Бұған дейін трансформаторлардың бірін техникалық қызмет көрсетуге шығарған кезде екінші агрегаттың қуаты цехтың толық жүктемесін қамтамасыз етуге жеткіліксіз болатын. Жаңа автотрансформатор қажетті қуат резервін қалыптастырып, жүктемені неғұрлым икемді бөлуге мүмкіндік береді және кәсіпорынның өндірістік қуаттарын одан әрі дамытуға сенімді негіз қалайды, – деп атап өтті электр цехының желілер және қосалқы станциялар учаскесінің бастығы Серік Айтенов.
Жаңа жабдық онлайн-мониторинг пен өзін-өзі диагностикалаудың заманауи жүйелерімен, автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған, сондай-ақ кәсіпорынның энергетикалық жабдықтарын бірыңғай бақылау жүйесіне біріктіруге дайын. Мамандардың бағалауынша, заманауи техникалық шешімдерді қолдану энергетикалық нысандарды пайдаланудың сенімділігін арттырып, оларға қызмет көрсету тиімділігін жақсартады.