Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында Sublevel Caving (SLC) – қосалқы қабаттарды опыру технологиясына көшу жұмыстары басталды.

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Дөң тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасында Sublevel Caving (SLC) – қосалқы қабаттарды опыру технологиясына көшу жұмыстары басталды.

Бұл – әлемдегі терең кеніштерде кеңінен қолданылатын жерасты кен өндірудің ең заманауи әдістерінің бірі. Жоба «Алмаз-Жемчужина» кен орнында жүзеге асырыла бастады.

SLC технологиясы – кен денесін көлденең қабаттарға (қосалқы қабаттарға) бөле отырып, тау-кен жыныстарының опырылуын қадағалауды күшейтуге мүмкіндік беретін жерасты кен өндіру әдісі. Кен қазып алынғаннан кейін пайда болған бос кеңістіктер біртіндеп опырылған тау жыныстарымен толтырылады, осылайша үлкен тереңдіктегі жұмыстардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етеді.

Жаңа жүйенің басты артықшылығы – процестердің жоғары деңгейде механикаландырылуы мен автоматтандырылуында. Ол үшін қазу және кен өндіру жұмыстарының негізгі жүктемесін атқаратын заманауи техника сатып алынып, біртіндеп пайдалануға енгізілді. Бұл жабдықтар қызметкерлер еңбегін айтарлықтай жеңілдетті.

SLC технологиясына көшу тау-кен жұмыстарының тереңдеуіне және тау-геологиялық жағдайлардың күрделене түсуіне байланысты қолға алынды. Бұған дейін кеніштің жекелеген учаскелерінде GSC ысырмалы өндіру жүйесі қолданылып келген болатын.

– Тау-кен жұмыстарының тереңдігі ұлғайған сайын өндіріс қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен тиімділігіне қойылатын талаптар да арта түсетіні белгілі. Жаңа технология біз үшін шахтаның ұзақ мерзімді және тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, өнімділікті арттыруға және жұмысшылар үшін әлдеқайда заманауи әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жаратуға мүмкіндік береді, – дейді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.

SLC технологиясын енгізуге дайындық бірнеше жылға созылып, геомеханикалық зерттеу, жаңа учаскелерді жобалау, инфрақұрылымды жаңғырту, арнайы техниканы сатып алу және жұмысшыларды оқыту жұмыстарын қамтыды.

– Технологияны енгізу жерасты жұмыстарының тұтас жүйесін қайта құруды қарастырады, – дейді жоба менеджері Ерлан Машанов. – Қазіргі уақытта мұнда деңгейжиектерді дайындау, кенді тасымалдау, желдету және өндірістік жоспарлау сызбалары өзгертіліп жатыр. Шахтаға тиімділікті арттырып, жұмысшыларға түсетін жүктемені азайтатын заманауи әрі өнімділігі жоғары техника мен автоматтандырылған шешімдер енгізілуде.

Жаңа технология кен шығынын азайтып, өндіру көлемін тұрақтандыруға және бұған дейін игеруге қолжетімсіз болған учаскелерді игеруге мүмкіндік береді деп күтілуде. SLC технологиясын енгізу Дөң тау-кен байыту комбинатындағы жерасты кен өндіру ісін дамытудың маңызды кезеңіне айналып, өндіріс қауіпсіздігін, тиімділігі мен ұзақ мерзімді тұрақтылығын арттыруға бағытталған миаңызды қадам болмақ.