Дөң тау-кен байыту комбинатында бірегей өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Дөң тау-кен байыту комбинатында бірегей өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда

Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатында қалдықтарды қайта өңдейтін байыту фабрикасы салынып жатыр. Ол әлемдегі ең озық технологиялы және автоматтандыру тұрғысынан заманауи болмақ. Қайта өңдеу 2022 жылы басталады деп күтілуде.

«Қалдықтар2» атты бірегей жоба маңызды екі мәселені шешуге септеспек: өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу және кәсіпорынның шикізат базасын ұлғайту. Жаңа фабриканың шикізаты – Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап сақталған қалдықтар қоры болғалы тұр. Оның құрамында 18-ден 34%-ке дейінгі хром оксиді бар. Әзірге комбинатта қолданыста жүрген технологиялар бұл қалдықтарды тиімді өңдеуге мүмкіндік бермейді. Себебі, олар өте ұсақ («жұқа») класты. Жаңа фабриканың іске қосылуымен жылына екі миллион тоннаға жуық қалдықтар өңделіп, 500 мың тоннаға дейін қосымша тауарлы өнім – үш кластық концентрат алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 400-ге дейін қосымша жұмыс орнын құру ұйғарылған.

– Жобаның біздің компания үшін маңызы зор. Бұл біздің активтеріміздің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған тағы бір қадам, - деді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов. – Біз бұрыннан сақталған өндіріс қалдықтарының көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндірістердің үнемі пайда болатын қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік беретін және қолданыстағы қалдықтарды да қайта өңдеуге септесетін кешенді бағдарламаны жасап бекіттік. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде қосымша тауар өнімін аламыз, сәйкесінше аудан және облыс бюджеттеріне салықтық және әлеуметтік аударымдарды көбейтеміз.

Жаңа фабрикада байыту процесі бірегей, флотация әдісімен жүзеге асырылмақ. Инновациялық, шикізаттың бұл түрінен хром оксидін алу әлемнің ешбір жерінде қолданылмаған. «Қалдықтар-2» жобасы сәтті өткізілген сынақтар мен жетекші компаниялардың тәжірибесін ескере оытрып құрылды.

Дәл қазіргі сәтте негізгі жабдық орналасатын №1 ұсатып-байыту фабрикасының бас ғимаратында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Айтпақшы, ол Еуропаның, Түркияның және АҚШ-тың Thyssenkrupp Industrial, Metso Outotec және осылар секілді басқа да жетекші өндірушілерінен жеткізіледі. Сондай-ақ, жоба аясында шикізатты орташалау немесе араластыру процесі жүретін арнайы қойма салынады.

– Бұл өндірістің автоматтандыру деңгейі өте жоғары болады, - деді ERG Capital Projects стратегиялық жобалар блогының бас инженері Иван Лысенко. – Біз оны іске қосқан кезде әлемдегі ең заманауи байыту фабрикасы болатынына сенімдіміз.