Қазхром Хромтауда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Қазхром Хромтауда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы "Қазхром" компаниясының өкілдері Хромтау қаласына барып, 2019 жылға арналған меморандум аясында жүзеге асырылған бірнеше әлеуметтік нысандарды таныстырды. Хромтау аудандық ауруханасында жаңа томографтың жұмысы көрсетілді. Бұл - көптен күткен жабдық, себебі бұрын емделушілерді тексеруден өту үшін облыс орталығына жіберуге тура келетін.

Айта кету керек, бұл медициналық мекеме тек Хромтау ғана емес, Қарғалы және Әйтеке би аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Қымбат құрал-жабдықтарды орнату алдында дайындық құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өйткені 1986 жылы салынған ғимарат диагностикалық техниканың жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмады. Коммуникация ауыстырылып, еденнің көтергіш құрылғылары бекітілді.

- ERG компаниясы томограф алып қана қоймай, нысанды жөндеу жұмыстарына көмектесіп, арнайы есіктер қойып, барлық қажетті жағдайды жасады, - деп атап өтті Хромтау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Асхат Әлімжанов. - Қала мен ауруханаға бұл жабдық аса қажет еді, диагностика жасау үшін емделушілерді облыс орталығына тасымалдау да қиынға соғатын. Енді бұл мәселе шешілді. Біз одан әрі қызмет көрсету және оңтайлы қызметтер жиынтығын ескере отырып, оңтайлы модельді таңдадық.

Бұл мақсатқа 100 млн теңге инвестиция құйылған. Меморандум аясында жас дәрігерлерге тағы 10 млн теңге бөлінді. 14 маман әрқайсысы 700 мың теңгеден астам сомаға ақшалай сертификаттар алды. Олардың арасында хирург, гинеколог, педиатрлар, жалпы тәжірибе дәрігерлері бар. Барлығы соңғы үш жылда аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқан жас мамандар. Айта кету керек, олар көтерме ақы алып отырған алғашқы мамандар. Бұған дейін осындай тәжірибе Хромтау қаласында болған емес.

- Мен Орал қаласының тумасымын, Батыс-Қазақстан медициналық университетін тәмамдағаннан кейін Хромтаудағы орталық аудандық ауруханаға жұмысқа орналастым. Әдетте алғашқы жылдары жас маманға қиын болады емес пе?! Алайда мен қиындықты онша сезінбедім. Бүгін міне, көтерме жәрдемақы алдық - бұл әрі қарай жұмыс істеу үшін жақсы қолдау мен ынталандыру, - деді сертификат тапсыру рәсімінде Хромтау аудандық орталық ауруханасының хирургі Тайман Мақсұтов.

Қаланың тағы бір өткір мәселесі - қоқысты шығару қиындығы. ERG компаниясы оның шешіміне атсалысып, облыс әкімдігімен бірлесе отырып заманауи арнайы техника мен 95 еуроконтейнер сатып алу жөніндегі Меморандум тармағын іске асырды. Қоқыс тасушылардың бірі жұмысқа кірісіп те кетті. Оның құны 34,8 млн теңге. Заманауи техниканың 100 еуроконтейнерді жүктейтін мүмкіндігі бар.

- Хромтау қаласы тұрғындарының басым бөлігі - біздің қызметкерлер мен олардың отбасылары, - деп атап өтті "Қазхром"ТҰК" АҚ президенті Арман Есенжолов. - ERG компаниясының "Туған жер - Родные города" жобасы шеңберінде халықтың басым әлеуметтік қажеттіліктерін анықтау бойынша сауалнама және ауқымды талдау жұмыстары жүргізілді. Яғни, меморандумға енгізілген жобаларды таңдау кезінде біз қала тұрғындарының тілектері мен қажеттіліктерін ескердік. ERG компаниясының басшылығы осы моноқаланың проблемалары мен мәселелерін шешу үшін барынша жағдай жасауға ұмтылады.