Ақтөбе ферроқорытпа зауытында кәдеге жарату электр станциясының құрылысы жалғасуда

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында кәдеге жарату электр станциясының құрылысы жалғасуда

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында кәдеге жарату электр станциясы құрылысының негізгі кезеңдерінің бірі – жоғары қысымды екі бу энергетикалық қазанды құрастыру басталды. Іске қосылғаннан кейін қуаты 80 МВт станция кәсіпорынның меншікті электр энергиясын өндіру үшін ферроқорытпа газын пайдаланатын болады.

Құрылыс болашақ станцияның бірнеше нысанында бір мезгілде жүріп жатыр. Қазандарды құрастырумен қатар бас корпус пен турбина бөлімі, газгольдер, градирня және биіктігі 80 метр түтін мұржасы салынып жатыр. Инженерлік желілер мен электртехникалық инфрақұрылымды құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Алаңға негізгі технологиялық жабдықтың едәуір бөлігі: қазандық агрегаттар, генератор, конденсатор, сорғы жабдығы және басқа да ірі габаритті тораптар жеткізілді. Келесі кезеңдерде турбина, электртехникалық жүйелер және автоматтандыру жабдығы құрастырылады. Сонымен қатар болашақ станцияны зауыттың қолданыстағы энергия жүйесіне біріктіру үшін қажетті ГПП-2 бас төмендеткіш қосалқы станциясы қайта құрылымдалуда.

Кәдеге жарату электр станциясының (КЭС) негізгі отыны феррохром өндіру кезінде тікелей түзілетін ферроқорытпа газы болады. Станция іске қосылғаннан кейін бұл қайталама энергетикалық ресурс электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылып, өндірістік циклге энергия түрінде қайтарылады. Электр станциясының жобалық белгіленген қуаты 80 МВт, ең жоғары қуаты 87 МВт болады. Электр энергиясын жоспарлы босату көлемі жылына 532 млн кВт/сағ дейінгі деңгейде көзделген. Оны өндіру үшін станция сағатына 80 мың текше метрден астам ферроқорытпа газын пайдалана алады.

– Кәдеге жарату электр станциясы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты энергетикасын дамытудың жаңа кезеңі. Біз кәсіпорынның қайталама энергетикалық ресурсымен жұмыс істейтін меншікті электр энергия көзін құрып жатырмыз. Бұл энергетиканы, металлургияны, автоматтандыруды және заманауи инженерлік шешімдерді біріктіретін технологиялық тұрғыдан күрделі жоба. Іске қосылғаннан кейін станция зауыттың энергетикалық жүйесінің маңызды бөлігіне айналады, – деп атап өтті КЭС жобасының бас инженері Артем Пирожков.

Жобаны іске асыруға ERG-дің «Энергетика» дивизионы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының мамандары, EPC-мердігер, жобалау, құрылыс және құрастыру ұйымдары, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау қызметтері тартылған. Алаңда бір мезгілде құрылыс жұмыстары, ірі технологиялық жабдықты құрастыру және инженерлік инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі басымдықтардың бірі – нысандарды қысқы кезеңге дайындау. Суық мезгілде жабдықты құрастыру мен кейінгі іске қосу-баптау жұмыстарын жалғастыру үшін негізгі ғимараттардың жылу контуры тұйықталуда. Кәдеге жарату электр станциясының құрылысы 2025 жылдың соңында басталды. Құрылыс-құрастыру жұмыстарын аяқтау және нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

– ERG үшін экологиялық трансформация – жеке бағыт емес, ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Бүгінде өнімге қойылатын талаптар сапа мен баға шеңберінен әлдеқайда асып түседі: оның көміртегі ізінің маңызы артып келеді және біз үшін бұл енді жай ғана жаһандық үрдіс емес, әлемдік нарықтарға шығудың маңызды шарты. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы кәдеге жарату электр станциясының жобасы – өндірісті дәйекті түрде қалай өзгертіп жатқанымыздың нақты мысалы: меншікті электр энергиямызды өндіру үшін қайталама энергетикалық ресурсты пайдаланамыз, тиімділікті арттырамыз және бір мезгілде қоршаған ортаға әсерді азайтамыз. Мұндай жобалар ERG-дің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі үшін орнықты негіз қалыптастырады, – деп атап өтті Қазақстандағы ERG бас директоры Кудрәт Шамиев.