Ақсудағы металлургтердің қоныс тойы

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Ақсудағы металлургтердің қоныс тойы

«Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытының 42 қызметкері көптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Бес қабатты ғимарат ERG тұрғын үй бағдарламасына аясында салынған және қаланың келешегі зор аудандарының бірінде бой көтерген. Жанында өзге де төрт ғимарат және кезінде Еуразиялық Топ пен Павлодар облысының әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру аясында іргетасы қаланған Спорт сарайы мен спорт алаңдары орналасқан. Үйде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар. Олардың барлығы таза әрленіп, дайын күйінде үй иесіне тапсырылады.

Пәтерлер кілті металлургтерге олардың жұмыс орындарында табысталды. Дәл сол күні пеш жанында, ауысымда жүрген №2 цехтың балқытушысы Дәурен Сейсембаев үшін басшылықтың мұндай күтпеген сыйлықпен келуі ерекше тосынсый болды.

– Менің үш балам бар. Енді кең үйімізде әркімнің өз бөлмесі болады, - деді Дәурен. – Мөлтек аудан да өте ыңғайлы, мектеп те жақын, балабақша мен аурухана да тиіп тұр. Ал ең бастысы, несие жағдайы отбасылық бюджетімізге қиынға соқпайды.

Пәтер кілтін алғандар арасында жоғары білікті мамандар мен тапшы мамандықтардың өкілдері, өндірістің жас жұмысшылары бар. Олар пәтерді ERG үшін «Отбасы банкі» АҚ арнайы әзірленген бірегей несиелеу бағдарламасы бойынша төмен пайыздық мөлшерлемемен ұлттық валютада, келешекте сатып алу құқығымен 20 жылға дейінгі мерзімге жалға алды. Бұл үшін алғашқы жарна да қажет емес.

– Біздің кәсіпорын үшін адамдар бәрінен де маңызды – басты құндылық. Сондықтан біздің қызметкерлердің лайықты жағдайда өмір сүруі маңызды, - деді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Валентин Чихичин. – Ал баспана, әсіресе жастар үшін – өзекті мәселелердің бірі. Еуразиялық Топтың басшылығы мұны жақсы түсінеді. Сол себепті компания ауқымды тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда.

Бұл – ферроқорытпа зауытының жұмысшыларына арнап салынған бесінші үй. Осылайша, 2009 жылдан бері 260-тан аса қызметкер пәтер кілттеріне ие болды. Бұдан бөлек, тағы 50 пәтерлік тұрғын үй тапсырылуға дайындалып жатыр.