Ақсу зауытында градирняны күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды

Жаңалықтар Корпоративтік жаңалықтар

Ақсу зауытында градирняны күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды

Балқыту пештерін салқындату жүйесін жаңартуға салынған инвестиция көлемі 1,7 млрд теңгені құрады. Жаңартылған №1 градирня кәсіпорынның бірінші және алтыншы балқыту цехтарының жұмысын бір мезгілде қамтамасыз етеді. Оның міндеті — жүйеде үздіксіз айналып тұратын айналым суын салқындатып, өндірістік жабдықтан жылуды әкету. Нысанның ауқымын мына көрсеткіштерден бағалауға болады: биіктігі 54 метр, табанының диаметрі 48 метр болатын градирня арқылы бір сағатта 9 мың текше метрден астам су өтеді.

- Бұл құрылыстың техникалық жай-күйі балқыту цехтарының үздіксіз жұмыс істеуі үшін айрықша маңызды. Жөндеуден кейін жекелеген қалпына келтіру жұмыстары есебінен пайдалану мерзімі ұзартылған нысанды емес, толыққанды жұмыс істейтін нысанды алуды көздедік. Сондықтан кешенді жөндеу жүргізу туралы шешім қабылдадық. Бүгінде градирня жұмыс істеп тұр және салынған қаражаттың күтілген нәтижені бергенін көріп отырмыз, — деп атап өтті Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мусабек Макашев.

Күрделі жөндеу 90 күнге созылды. Осы уақыт ішінде құрылыстың су тарату жүйелері мен қаптама материалдары толығымен жаңартылды. Жаңартылған градирняның есептік пайдалану мерзімі – 12-15 жыл.

Ол іске қосылғаннан кейін пештерді салқындату жүйесінде екі градирня қайтадан жұмыс істей бастады. Бұл өндірістің тұрақтылығын және қажетті резервті қамтамасыз етеді.